Хош келдін Рамазан айы!
Ассаляумуғалейкум құрметті мұсылман қауым. Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір етіп, Рамазан айына жеткізген үшін. Аллаһ тағала Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тұра жол нұсқаушы, бекем тұтынатың жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсіренген ай»,-деген.
Бұл аят мұсылман өміріндегі екі манызды мәселеге нұсқайды. Біріншісі: Рамазан айы – Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.) Уахи (сыбырлау) келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі Рамазан айларында түсірілген. Екіншісі: Рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл – есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз.
Рамазан айында барлық мұсылманға ораза парыз болуының мәнісі – мұсылмандардың бойында ынтымақ сезімін тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын біріктіру, мансап және ұлтқа бөлінбестен бір уақытта бір құлшылықты орындау. Бұл өз кезегінде мұсылмандардың арасындағы өз-ара бірлік пен түсінушіліктің нығая түсуінің кепілі. Мұсылман үмметінің қасиетті Рамазан айында бірауыздан күнәларының кешірілуіне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғаннан тыйылу, жақсылық істеуге тырысу Хақ тағаланың жарылқауына қол жеткізудің бірден бір себебі. Рамазан айы – имандылық пен Аллаһ тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсіреп, шынайы адал ниет пен адамгершілік қасиеттері жандана түседі. Себебі: «Рамазан айы келісімен жаннаттың есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Әрі шайтандарға кісен салынады».
Аллаһ тағалла Құран кәрімде: «Я, мүминдер! Бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Сол айда болғандарың ораза үстасын»,- дегеніне сай, ауыз бекітуге жағдайы келген балиғатқа жеткен әрбір мұсылман ораза үстау- парыз.
Пайғамбарымыз Мухаммад (с.ғ.с.) айтады: «Ислам бес нәрседен негізделген: «Аллаһ тағаладан басқа тәнір жоқ, Мухаммад (с.ғ.с.) Оның құлы, әрі елшісі»,-деп куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау.» Осы себептен оразаның парыздығын мойындамаған адам кәпір болып саналады. Оразанын мойындап тұрып, алайда ауыз бекітпеген адам ауыр күнә істеген болады.
Оразаның ұлық пайдалары көп. Соның бірі нәпсіні тәрбиелеу. Ораза ұстаушы өзін жаратып, рыздық берген құдіреті күшті Аллаһ тағаланың әміріне бой ұсынып, нәпсіден тиылып, сол арқылы нәпсісін женеде. Нәпсі өзінің женілгендігін мойындап, адамның ақылын, жүрегін азғырудан үмітін үзер. Аллаһ тағаланың әміріне бой ұсынып ораза ұстаған мұсылмандар өздерінің адал ас-суларынан, тамақтарынан, халал некелі әйелдеріне жақындаудан тиылып(яғни күндізгі ораза тұтып жүрген уақыттан ауыз ашқанға дейін) ғибадатта болады.
Имам Бұхариден риуаят болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Жаннатта бір есік бар. Ол - Әр-Райан деп аталады. Қиямет күні ол есіктен ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім кірмес. «Ораза тұтқандар қайда?» деп сұрағанда, ораза тұтышылар сол есіктің алдына жиналар. Ораза ұстаушылар кіріп болған сол есік жабылады. Содан соң одан ешкім кіре алмайды»,-делінген.
Сөз соңында айтатын нәрсе, ораза тек қана азаннан кешкі дейін аш жүру емес, ол Аллаһ тағаладан берілген тән мен жанның, яғни аманаттың жауапкершілігін сезіну, адам өзін сабырлыққа тәрбиелеу, айыпты және жаман істерден тыйылу. Қолдағы бар игіліктің қадірін біліп, ысыраптан сақтануға шақырады. Міскіндерге қол созып, көмек көрсету, мейірім, шапағат беру сияқты адамзатқа пайдалы болу сезімдерге жетелейді. Ораза сенімге, мінез құлыққа, денсаулыққа және әлеуметтік пайдасының үлкендігін осыдан білерміз.
Алла тағала баршамызды Рамазан оразасын шын ниетімен тұтышылардан етіп, Қиямет күнінде ораза ұстағандар ғана кіретін Райан есігінен кірушілер қатарындағылардан етсін. Жалған дүниенің бір күндік қызығына алданып, ахиреттің сауабынан құр қалмайық. Амин!
21-ші тамызда - Қасиетті Рамазан айының 1-ші жұлдызы.
20-ші тамызда – кешкі сағат 22,40-та ниет қыламыз, бірінші күн тарауих намазы оқылады.
Фітір садақа – 100 теңге бір жанға.
Сәресі және ауыз ашар уақытты мешітте алуға болады.
«Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің
Бас имамы Мұрзақан Азамат қажы
Источник: altynsarin.ru


