Абылай Мауданов
 
Региональный сайт Костанайской области
 
Категория: Стихи пользователей | Просмотров: 3317 | автор: akimaltyn | 20-08-2012, 21:39 | Комментариев ( 0 ) | Печать

Абылай МаудановАбылай 1983 жылы туған. Бірнеше поэзиялық  байқаулардың жүлдегері. «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында жұмыс істейді. Халықаралық «Шабыт» байқауының Бас жүлдегері.

 

 

Алтын сақа

 

Қазақтың кең даласына қызыққандар көп болған. Бабаларымыз байтақ даланы ұрпақ үшін деп найзаның ұшыменен қорғады. Қылыш жүзі мұқалған заманда, Қостанай жері де жат қолына өтіп кете жаздаған. Оны бүгінде біреу біледі, біреу білмеуі де мүмкін.

... осы еңбегімді Алаштың қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың рухына арнаймын! Автор.             

 

Бастау:

 

Толқыны ағыс тілеп алас ұрған,

Бастауы нәр алатын жарасымнан...

Тобылдың әр тамшысы сыр-шежіре,

Тамсанып қанша ішсең де қанасың ба?!

 

Орманы құсқа қорған... бұлбұл бағы,

Үй еткен үйеңкісін бұлғын барып.

Асыр сап шыршасында ақ тиіні,

Жиекте өзені аққан сылдыр қағып.  

 

Төсінде төрт түлігі жамыраған,

Көгінде күні күліп жадыраған.

Бұғысы бұзаудай боп аңыраған,

Қозыдай елік-марал маңыраған.

 

Келбеті қарасаң да көз тоймаған,

Шалқыған шалқар далам, ой-хой, далам.

Егіні жайқалған бір жасыл-айдын,

Қамбасы қырық жылда ортаймаған.

 

Ағашы қамқа тонның жағасындай,

Ал, Тобыл алтын алқа нанасың ба?!

...Картада Қостанай тұр көзіңе ыстық,

Тұлпардың түсіп қалған тағасындай.

 

Әрқашан бірлік болсын ұлт ұраны,

Ұлтымның ірімесін ынтымағы.

Қостанай қазағымның жағасы ғой,

Ал менің жағамды кім жұлқымады?..

 

                  Қостанай кеше:

 

Ежелден орның ерек анықталған,

Қостанай - тарихыңды танып бағам!

Қазаққа Қостанайды Байтұрсынов,

Дауласып отаршылдан алып қалған!

 

Қостанай - Тұран-белім, мұрам дедім,

Сейілді санамдағы тұман менің.

Ахаңдар жанын салып қорғамаса,

Қол бұлғап шекарадан тұрар ма едің...!

 

Шетінде шекарамның көз ілмейсің,

Тырп етпес түрен тілсе төзімдейсің.

Шоқанның шежірелі сөзіндейсің,

Ахаңның өзіндейсің, көзіндейсің!

 

Жеріңді жау да кезді жат қылықты,

Төріңді билік айтар тақ қылыпты.

Сол заман Қостанайдың ақ-қайыңын,

Хан Кене – найзасына сап қылыпты.

 

Алаштың от орап бір атырабын,

Тыншытпай қазағының  «аһ» ұрғаны. 

Орманын отаршылдан құтқара алмай,

Хан Кене  жұтқан қайғы-запыранын.

 

Талатып таққа арын, жатқа малын,

Қан жылап шағынғанда Хаққа зарын

Кенекем сезді ме екен осы өлкеге,

Қайтадан Қыдыр дарып, Бақ қарарын!

 

Өрлігім - досым түгіл, жатқа мәлім,

Ерлігі бабалардың жаттағаным!

Қазаққа бақ қонғаны сол емес пе,

Мен бүгін ӨЗ ЖЫРЫММЫН мақтанамын:

 

Жоқ бүгін оязың да, ұлығың да,

Берілмес қызы - қайғы, ұлы – мұңға.

Азаттық аққулары тербеледі,

Тобылдың мөлдір айдын, тұнығында.

 

«Көлімді көрген адам «шіркін» деген,

Жерімді жырлаудан мен іркілмегем.

Қостанай – қазағымның қазынасы,

Ал, Тобыл тарих-тамыр бүлкілдеген.

 

Өнері өреліні қайран қылған,

Алаштан ән оздырып, сайран құрған

Атақты Нұржан атам қарағайын,

Киелі домбыраға айналдырған.

 

Төсіңнен кім өтпеді ай-хай, дала,

Жауапсыз қарсыласын қайтармаған

Құс салып Қанапия, ән қайырған:

«Астымда мінген атым Шайтанқара...».

 

Қазақтың қайыстырып мұңы ұдайы,

Халқына қызмет еткен құлы-дайын.

Баласын оқытам деп бар қазақтың,

Санасын ашқан елдің Ыбырайым!

 

Тәңірдің түзу түскен мейірімі,

Өнерде ой-өресі биік ұлы.

Әбілахат атамның арқасында,

Тобылдың әнге айналған иірімі.

 

Еске алсам Елубайды тамсанамын,

Елге еңбек етті сенде қанша ғалым.

Ұл-қызы мақтанарлық жұлдыздан көп,

Жырласам таусылмайды қаншама күн.

 

Асады алты қырдан айтқанда әнім,

Болсыншы ұрпаққа кей жайттар мәлім.

Қостанай – қолды болып кете жаздап,

Қазаққа «қайырлы боп қайтқан малым»!

 

Сөзімде ұққан жанға ұлағат бар,

Сенбесең архивтегі «мұраны» ақтар. 

Қазақтың кең пішілген даласына,

Қызықпай қала алмаған сұғанақтар.

 

Меккеден көрем артық мекенімді,

Тұзынан артық демен шекеріңді.

Жеріңе көз сатқандар әлі де көп,

Елім-ау, қымтамасаң етегіңді.

 

                 Қостанай бүгін:

 

Өткір көзі шолып қиыр, шалғайды,

Азаттығым қыран болып самғайды.

Бостан елміз, ешкім бүгін жеріме,

Еркін жайлап, қолын сұға алмайды.

 

Таңдай қағып, сүйсінбесін дос қалай,

(Енді қамшы көтермесін Поштабай)

Тобыл жатыр – алтын алқа шашылған,

Асқақтайды ару қалам – Қостанай.

 

Өмір заңы, толқын туу толқыннан,

Рухым есен, аласармас Өр-тұлғам.

Қаласы бар – татулықтың бесігі,

Даласы бар – ел қамбасын толтырған.

 

Жүздеген жұрт мекен еткен шаһардың,

Мен де бүгін тұрғыны боп атандым.

... Ескерткендей қилы кезең өткенін,

Ескерткіші орталықта Ахаңның!

 

Өтті тарих, кеткен солай көш талай,

Жаңа дәуір – азат-сыйын тосқаны-ай!

Жалмауыздан алып қалған айламен,

Жарқын шаһар, алтын сақам – ҚОСТАНАЙ! 






Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь. Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо зайти на сайт под своим именем.
Регистрация на сайте! Забыли пароль?

Другие новости по теме:

  • Құралай
  • Ертегі қала
  • Қоянжүрек
  • Діни бірлестіктерімен байланыс бойынша Кеңес
  • СЕҢБІЛІККЕ ШЫҚТЫ


  • Добавление комментария



  • Наверх
     
     
     
    Copyright Altynsarin.ru © 2008-2013. При любом использовании материалов гиперссылка - www.altynsarin.ru обязательна!